Анар Жаңбырбаева

Скрипканың сиқырлы тілін тапқан

Жаныңа тыныштық сыйлайтын әсем әуеннің денсаулыққа да тигізер ұшан-теңіз пайдасы бары әлдеқашан дәлелденген. Ал сонау ғасырдан ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келе жатқан классикалық туындылардың тыңдарманға ерекше көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ішкі дүниеңе рухани күш беретіні рас. Осы ерекше өнер Анар Жаңбырбаеваның бойынан бала кезінен байқала бастады. Перзентінің ерекше қабілетін көре білген ата-анасы 6 жасында Алматы қаласындағы Күләш Байсейтова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің «скрипка» сыныбына береді. Бұл мектепте 11 жыл музыкалық білім алып, одан кейін Құрманғазы атындағы ұлттық мемлекеттік консерваториясында білім алады.
Скрипка – аспаптардың патшасы саналады. Бұл сиқырлы аспапты үйрену, оның қыр-сырын жүрекпен ұғыну, ішкі жан-дүниеңмен сезіну екінің бірінің қолынан келмейді. Медицина маманы болу үшін 9-11 жыл уақыт кететін болса, скрипкашы болуға Анар Жаңбырбаева 18 жыл уақытын арнаған. Бүгінде Қызылорда облыстық филармония жанындағы камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Анар Жаңбырбаева сиқырлы скрипканы өмірлік серігіне айналдырған. Еңбек жолын Мұрат Серкебаевтың жетекшілігімен Алматыдағы телерадио оркестрінде жұмыс істеуден бастайды. Енді келген жас маман үшін атақты ұжымда жұмыс істеу кәсіби тұрғыдан өсу ғана емес, шығармашылық қабілетін шыңдау жолындағы мықты іргетас болатын. Өнерде өзі ғана шыңдалып қоймай, кейінгі ұрпаққа осы аспапта ойнаудың қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген аталы сөзді ұстаз ретінде өмірлік ұстанымына айналдырған. Әр баланың бойындағы музыкаға деген махабатты оятып, сиқырлы сазды әуенмен тербеліп өсуіне ата-ана жағдай жасауы тиіс деп есептейді. Себебі есті әуен естіп өскен ұрпақтың бойында айналаға деген мейірімділік, сүйіспеншілік, жанашырлық секілді адами қасиеттер бойында қалыптасып, санасына сіңіріп ер жетеді. Мұндай балалар қоғамға да, мемлекетке де үлкен пайдасын тигізетін өскелең болады.
Егер менің қолымнан келсе, классикалық музыканы үйретуді  мектепке негізгі пән ретінде енгізер едім. Себебі оның бойында адами асыл қасиеттер қалыптасып, адамгершілігі мол азамат болады. Ал әлемдік өнерді үйренген баланың ой өрісі биік, талғамы жоғары болмақ. Байқасаңыз, қазір қоғам қатігезденіп барады. Күнде жағымсыз хабарды көп естиміз. Әсіресе, ертеңгі болашақ иесі – жастардың бір-біріне мейірімділік танытпауы, қамқорлық көрсетпеуі алаңдатады. Ал өмірде ақ-пен қараның, жақсылық пен жамандықтың қатар жүретінін ескерсек, музыка да да сондай. Музыка – мықты тәрбие құралы. Шуға толы әуенді естісең шаршап шалдығып шығасың, керсінше жанға рахат сыйлайтын әуезді музыканы тыңдасаң миың тынығып қалады. Бала анасының құрсағында жатқаннан классикалық туындыларды Моцарттың, Бахтың, Бетховеннің шығармаларын тыңдап өссе одан жаман болмайды. Бәлкім бұл бала болашақта кәсіби музыкант болмауы мүмкін. Бірақ жан-жақты ой-өрісі мықты дамыған тұлға болып қалыптасатыны анық. Әлемдік мәдениет пен өнердің тарихын мен шәкірттеріме жиі айтып отырамын. Олардың дүниетанымын кеңейтуге, қабілет қарымын шыңдауға тырысамын, – дейді Анар Жаңбырбаева.
Иә, әсті әуезді музыканың тіпті адам бойындағы дертті жеңуге септігі тиетінін медицина әлдеқашан дәлелдеген. Мұндай жағдай Анар Жаңбырбаеваның ұстаздық тәжірибесінде де кездесетінін айта кеткенді жөн көрдік. Баласының мықты, талапшыл маманнан тәлім алуын әрбір ата-ана қалайды. Бірақ скрипкаға ерте бастан баулу қажет. Бірде ұстазға 13 жасар қызын ерткен ана келеді. Анар Жаңбырбаева мұндай жастағы баланы оқытудан бас тартатынын, музыка мектебі үшін өте кеш келгенін айтады. Алайда анасы қызының дамуында тежелу барын айтқанда, тәлімгер бір ауыз сөзге келместен баланы оқытуға бел буады. Дені сау балаларға қарағанда мұндай оқушымен жұмыс жасау оңай іс емес екені анық. Алайда мықты ұстаз үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Шәкіртіне аспапта ойнауды үйретіп қоймай, оның қоғамда өз орны бар тұлға болып өсуіне зор еңбек сіңірді. Қазір сол шәкірті музыкалық колледждің бірінде белді студент атанды. Мұндай мысалдар ұстаздың талай жылғы тәжірибесінде көп. Ол шәкірттерінің әр бағындырған биігімен мақтанады.
Білікті маман өңірдің әр облысында еңбек еткен. Айталық Алматыдағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатында, Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы кіші симфониялық оркестрде 10 жылдан астам тер төгеді. 2017 жылы қасиетті Сыр өңіріне, қайынжұртының топырағына келіп, сүйікті ісін жалғастыруда. Небір өнер майталмандары шыққан қасиетті өлкеде дәл осы классикалық бағыттағы мықты мамандар жетіспейтіні жасырын емес. Сондықтан Қызылорда облыстық филармония жанындағы камералық оркестрді басқару тізгіні тікелей Анар Жаңбырбаеваға ұсынылды. Өзінің талапшылдығын, ұйымдастырушылық қабілетін, одан бөлек осы өнерді жан-тәнімен сүйетінін аз уақытта басшылыққа көрсетіп, біліктілігін дәлелдей білген. Қазір оркестрдің барлық жұмысын толығымен үйлестіру осы білікті маманның қолына сеніп тапсырылған. Күні бүгінге дейін небір қызметтің тізгінін ұсынғандар, шақырғандар жетерді. Алайда оның барлығына қарсылық білдіріп, өмірлік миссиясы – өнерді қадірлейтін, құрметтейтін шәкірт тәрбиелеу жолындағы тынымсыз тірлігін жалғастыруда.
Өнерде қандай жетістікке қол жеткізсе ол – құдай қосқан жары, өмірлік серігінің қолдауымен, қолпаштауымен, бағалауымен жүзеге асып келеді. Екеуінің отыз жылға жуық бірге өткізген отбасылық өмірінде жолдасының алдынан кесе көлденең өтіп көрмеген. Ата-ене сыйлап, олардың ақ батасын алған өнер иесі қазір өсіп-өнген үлкен шаңырақтың иесі. Көзінің ағы мен қарасындай болған қос ұлы жанашыры болса, қос келіні қос қанатындай көмекшілеріне айналған. Аяулы немеренің тәтті қылығына бөленген бақытты ата-әже. Өмірінің сәні болған қызғалдағы анасы секілді музыкалық мектептің «скрипка» сыныбын бітірген. Алайда өмір арнасы басқа бағытқа бет бұрғызды. Назарбаев интеллектуалды мектебінде білім алып, қазір Назарбаев Университетінің студенті.
Міне, біз өнер иесінің бір қырын ғана көрсете алдық. Ал оның бойында ерекше дарын, қабілет жетерлік.